Жаңалықтар

Мәртөкте волонтерлер форумы өтті

Мәртөкте Волонтерлер жылына орай Birgemiz жобасы аясында аудандық волонтерлер форумы өтті. Шараны Мәртөк ауданының ішкі саясат және тілдерді дамыту бөлімінің әлеуметтік тапсырысы шеңберінде «Аңсар Байғанин» қоғамдық бірлестігі ұйымдастырды.

Форум барысында «Біргеміз: Асыл мұра», «Біргеміз: Қамқор», «Біргеміз: Сабақтастық»,  «Біргеміз: Таза әлем», «Біргеміз: Білім», «Біргеміз: Үміт», «Біргеміз: Саулық» атты 7 жалпыұлттық жоба бойынша семинар-тренингтер өткізіліп, жастарға волонтерліктің қыр-сырын түсіндіру үшін облыстық деңгейдегі ментор-спикерлер жұмыс жүргізді. Атап айтсақ, тележурналист Салтанат Оңғар, «Біргеміз: Сабақтастық» бағыты бойынша облыстағы үйлестірушісі Нұрбақыт Алтынбекқызы, «Қызыл Ай» ҚҚ облыстық филиалының маманы Ералхан Дияров, Ақтөбе облысындағы «Ашық Жүрек» жобасының жетекшісі Нарқозы Қартжан, «Біргеміз: Асыл Мұра» бағытының облыстағы үйлестірушісі Сәлімгерей Асан, «Біргеміз: Қамқор» бағытының спикері, «Үздік волонтер-2019» иегері Нұрбек Жалғасбаев аудан жастарымен кездесіп, өз тәжірибесімен бөлісті. Шарадан соң кофе-брейк, одан соң «Жастық» саябағында күзгі суыққа қарамастан, тимбилдинг ұйымдастырылды. Сондай-ақ ауыл тұрғындары мен белсенді жастар «Ағаш отырғызу» акциясына жұмыла кірісті.

Форум барысында Волонтерлер лигасының тек жақсылық жасаумен шектелмейтінін, сонымен қатар көшбасшы еріктілерді де даярлайтынын білдік.

А.БАЛЖАНАЙ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button